National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президентi Режеп Тайип Ердоғанның ислам әлеміндегі татуластық жөніндегі бірлескен декларациясы

2016 жылғы 13 сәуір

 

Бұл Декларация екі ел көшбасшылары келіссөздерінің қорытындысы бойынша қабылданды.

Мемлекеттер басшылары құжатта халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға және мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған қағидаттарды берік ұстанатынын растады.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев пен Р.Ердоған Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдерді мемлекетаралық қатынастарда және қақтығыстар мен дауларды реттеу мәселелерінде ізгі ниет пен ерік-жігер таныту және сындарлы қадам жасау арқылы ислам әлеміндегі қарым-қатынастың жаңа парадигмасын қалыптастыруға шақырды.

 

***

 

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

ПРЕЗИДЕНТІ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ

ПЕН ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

ПРЕЗИДЕНТI РЕЖЕП ТАЙИП ЕРДОҒАННЫҢ

ИСЛАМ ӘЛЕМІНДЕГІ ТАТУЛАСТЫҚ ЖӨНІНДЕГІ

БІРЛЕСКЕН ДЕКЛАРАЦИЯСЫ

 

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған 2016 жылғы 14-15 сәуір аралығында Ыстанбұл қаласында өтетін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының 13-ші Ислам саммиті конференциясы қарсаңында өткен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия Республикасына 2016 жылғы 13 сәуірдегі жұмыс сапары аясындағы екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша,

2009 жылғы 22 қазанда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімді басшылыққа ала отырып,

барлық саяси, экономикалық және әлеуметтік аспектілерді қамтитын      жан-жақты әріптестікті, сондай-ақ ортақ тарихи және мәдени байланыстардың негізінде қалыптасқан Қазақстан мен Түркия халықтары және азаматтық қоғамдары арасындағы тығыз қарым-қатынастарды ілгерілету мақсатын көздей отырып,

Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды және ынтымақтастықты одан әрі дамытуда маңызды рөл атқаратын жоғары деңгейдегі өзара сапарлар мен саяси консультацияларды ұдайы өткізуге және қолдауға бейілділік таныта отырып,

халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сонымен бірге мемлекеттер арасындағы достық байланыстар мен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына бейілділігін растай отырып,

жаһандық қауіп-қатерлерге, экономикалық проблемаларға, конфессиялар мен өркениеттер арасындағы қарама-қайшылықтарға, лаңкестік пен ұйымдасқан қылмыс қатерлерінің теңдессіз дәрежеде өсуіне, сондай-ақ миграция, кедейшілік проблемаларына қарсы тұрудағы бірлескен іс-әрекеттердің қажеттілігін түсіне отырып,

халықаралық қатынастардың шапшаң трансформациясының эпицентрінде қалып отырған ислам әлемінің шиеленістерге толы мемлекетаралық қатынастардың нашарлауы, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық деңгейінің төмендеуі секілді проблемалар орын алған кезеңді басынан кешіріп жатқанын мойындай отырып,

ислам үмбетінің тұтастығына қауіп төндіретін және ислам бірлігіне зиян келтіретін бірқатар жетекші мұсылман елдері арасындағы текетірестердің күшейіп келе жатқанына алаңдаушылық білдіре отырып,

шешімін таппаған тарихи проблемалар, тұрақсыздық, лаңкестікке қарсы күрес мұсылман елдерінің даму мақсаттарына жұмсауға болатын орасан зор ресурстарын зая кетіріп жатқанын атай отырып,

әр мемлекеттің кез-келген басқа мемлекеттің ішкі істеріне араласпау жөніндегі міндеттемесі халықтардың өзара бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етудің маңызды шарты болып табылатынына кәміл сене отырып,

барлық мемлекеттер үшін халықаралық бейбітшілік, қауіпсіздік және әділеттілікке қауіп төндірмей, өздерінің шиеленістерін Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес бейбіт жолмен шешу ортақ маңыздылыққа ие екендігін ескере отырып,

әлем халықтарының бейбіт және гүлденген болашағы үшін өз жауапкершілігін сезіне отырып және мемлекеттер мен халықтар арасындағы достық қарым-қатынастарды ілгерілету, олардың қауіпсіз және бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге ниетін басшылыққа ала отырып,

халықаралық қатынастардағы төзімділіктің маңыздылығын, өзара түсіністікке жетудің, бейбітшілікке төнетін қатерлерді жоюдың және ынтымақтастықты нығайтудың құралы ретіндегі диалогтың елеулі рөлін атай отырып,

ислам әлемінің түрлі өңірлерінде орын алып отырған саяси, экономикалық және гуманитарлық проблемалар аясында Түркия Республикасының Ыстанбұл қаласында Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы 13-ші Ислам саммиті конференциясы өткізілуінің маңыздылығын атай отырып,

13-ші Ислам саммиті конференциясының «Әділеттілік пен бейбітшілік бірлік пен ынтымақтастық үшін» тақырыбын назарға ала отырып,

төмендегiдей уағдаластықтарға қол жеткізді:

1. Мемлекеттер шекараларының мызғымастығы, аумақтық тұтастық пен егемендікті құрметтеу, басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау, мемлекетаралық қатынастардағы даулар мен қақтығыстарды бейбіт келіссөздер арқылы шешу жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының басты қағидаттарын растаймыз.

2. Ислам бірлігі рухына беріктігімізді тағы да растаймыз және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттерді мемлекетаралық қатынастарда және өзара қақтығыстар мен дауларды шешу жолында ізгілік пен сындарлы ұстаным таныту арқылы ислам әлеміндегі қатынастардың жаңа парадигмасын қалыптастыруға шақырамыз.

3. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттерді ең алдымен ортақ құндылықтар мен мүдделерге басты назар аудара отырып, ислам әлеміндегі мемлекетаралық проблемаларға ревизия жасау үдерісін бастауға шақырамыз.

4. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттерді Ислам әлеміндегі татуластық үдерісін қолдауға және оны таяу жылдардағы ислам үмбетінің жаңа саяси тұғырнамасы ретінде қарастыруға шақырамыз.

5. Біріккен Ұлттар Ұйымының және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының халықаралық қақтығыстардың алдын алудағы және оларды бейбіт жолдармен шешудегі жетекші рөлін, сондай-ақ Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының ислам әлеміндегі татуластық үдерісін ілгерілетудегі басқа халықаралық және өңірлік ұйымдармен ынтымақтастығын қолдаймыз.

6. Ислам әлеміндегі татуластық үдерісін ілгерілету міндетін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына жүктеуді ұсынамыз және бастаманың мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған ұсыныстарды дайындау мақсатымен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Бас хатшысынан осы саладағы жағдайға терең талдау жасауды сұраймыз.

7. Ислам әлеміндегі татуластық тақырыбын Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің және Мемлекет пен үкімет басшылары саммиттері отырыстарының күн тәртібіндегі тұрақты мәселесі ретінде бекітуді ұсынамыз.

8. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттерді халықаралық қатынастардағы шиеленісті бәсеңдету үшін нақты қадамдар жасау және қордаланған проблемаларды түрлі консультация тетіктерін қалыптастыру жолымен шешу, дипломатиялық миссиялардың, парламентаралық диалогтардың, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін қолдану арқылы ислам әлеміндегі татуластық бастамасын нақты іс жүзіне асыру үшін үлес қосуға шақырамыз.

 

2016 жылғы 13 сәуір, Ыстанбұл

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің