National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Мемлекеттік хатшы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын іске асырудың алдын ала қорытындыларына арналған халықаралық конференцияға қатысты

2016 жылғы 22 сәуір

 

Конференция жұмысына ҚР Парламентінің депутаттары, ұлттық комиссия мүшелері, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, шет мемлекеттердің елшілері, халықаралық ұйымдардың, ҮЕҰ өкілдері, отандық және шетелдік сарапшылар, БАҚ өкілдері қатысты.

Мемлекеттік хатшы 2005 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы әзірленіп, Президент жарлығымен бекітілгенін атап өтті. Г.Әбдіқалықова Стратегияны қабылдау саяси санасы жоғары және азаматтық тұрғыдан белсенді қоғамды қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болғанын айтты.

Мемлекеттік хатшы елімізде гендерлік теңдікті ілгерілету үшін дамыған институционалдық негіз қаланғанын, әйелдердің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси мүмкіндіктерінің аясы кеңейтілгенін, ұлт денсаулығының нығайып жатқанын, қоғамның рухани-адамгершілік дамуына жағдай жасалғанын атап көрсетті.

БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитетінің ұсынымдары орындалды. Гендерлік саясат екі заңмен реттеледі, олар: «Ерлердің және әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы». Қазақстан гендерлік теңдік саласындағы 12 халықаралық құжатты бекітті. Қазақстан БҰҰ-ның төрт негіз қалаушы құжаттарына қосылды (1993 жылғы Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою декларациясы, 1995 жылғы Бейжің декларациясы және Іс-әрекет платформасы, БҰҰ-ң 2000 жылғы Мыңжылдық декларациясы, 2015 жылғы «Біздің әлемді жаңғырту: 2030 жылға дейінгі орнықты даму саласындағы күн тәртібі (ОДМ)). Президент жанында Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істейді, ол билік, азаматтық қоғам және халықаралық ұйымдар арасында нәтижелі диалог жүргізудің тұғырнамасына айналды.

Стратегия іске асырылған жылдары Қазақстан елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Бүгін Парламент Мәжілісіндегі әйелдер үлесі – 27,1%, бұл көрсеткіш 2006 жылы 10,4% деңгейінде болды. Барлық деңгейдегі мәслихаттарда әйелдер өкілдігінің деңгейі сайланған депутаттардың жалпы санының 22,2%-ына жетті, 2006 жылы бұл көрсеткіш 16,7% болды. Бірқатар өңірлерде – Павлодар (29,6%), Солтүстік Қазақстан (28,1%) және Батыс Қазақстан (26%) облыстарында – жергілікті өкілетті органдарда әйелдер өкілдігі 30%-ға жетті, Қостанай облысында бұл көрсеткіш 31,6 %-ды құрады.

Ел экономикасының дамуына әйелдердің қатысу үлесі артып келеді. Мәселен, 2006 жылдан бастап бизнестегі әйелдердің үлесі 38%-дан 50%-ға дейін өсті. Жыл сайын денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштер жақсаруда: ана өлімі 3,7 есе, бала өлімі – 1,5 есе азайды. Қабылданған шаралар нәтижесінде азаматтардың өмір сүру жасы 66,15-тен 71,62 жасқа дейін ұзарды. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы күшейтілді. Елдің барлық өңірлерінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғайтын арнаулы бөлімшелер және зардап шеккен әйелдерге кешенді көмек көрсететін 28 дағдарыс орталығы (17 - сінің баспанасы бар) жұмыс істейді.

Отбасы институтын нығайту мақсатымен Елбасының тапсырмасы бойынша Отбасы күні белгіленіп, жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіледі. Стратегия аясында Отбасылық қарым-қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту жөнінде 2015 – 2020 жылдарға арналған  жалпыұлттық жоспар бекітіліп, іске асырылуда.

Мемлекеттік хатшы сөзінің соңында Қазақстан Республикасында гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты одан әрі дамытудың бірқатар басымдықтарын белгілеп, мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің