National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Мемлекет басшысының төрағалығымен Астана қаласын одан әрі дамыту жөнінде кеңес өтті

2014 жылғы 25 сәуір

 

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Астананың бұрынғы жылдардағыдай  қарқынды дамуын жалғастырып келе жатқанына тоқталды.

– Астананы ауыстырғаннан бергі 16 жыл – қысқа мерзім. Дегенмен осы уақыт аралығында көп іс атқарылды, оны мақтан етеміз. Біз мемлекет үшін жаңа елорда салдық және қазір анағұрлым биік межені – өмір сүруге мейлінше қолайлы қалалар қатарына енуді көздеп отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бірқатар экономикалық көрсеткіштердің жақсара түскенін, атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі 7%-ға өсіп, 260 млрд. теңгеге жеткенін айтты.

– Шағын және орта бизнес дамып келеді, оның үлесі өңірлік жалпы өнімнің 40%-ына жетті. Өзінің бірегей нысандары арқасында қала ірі мәдени, спорттық, сауда және туристік орталыққа айналды. Мұнда келген туристердің саны алғаш рет 1 миллионнан асқаны осыған дәлел, олардың 100 мыңы шетелдік азаматтар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Қазақстан Президенті Астанадан мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер көлемі соңғы бес жылда екі есе артып, 60 млрд. теңгеден асқанына назар аударды.

– Келесі жылдан бастап қала ел бюджетінің донорына айналады. Өндірілген өнімдер көлемін, активтердің құнын ескере келгенде, Астана мемлекеттің жұмсалған шығынын қазірдің өзінде ақтады. Біз Қазақстанның ұлттық байлығына дамуын жалғастырып жатқан тұтастай бір қаланы қостық, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қала экономикасына салынған инвестициялар құрылымындағы жекеменшік капиталдың үлесі оның жартысына жуықтайтынын атап өтті.

– Сонымен қатар, шетелдік капиталды тарту үшін жүргізіліп отырған жұмыстардың белсенділігі төмен. 2013 жылы инвестицияның жалпы көлемі 540 млрд. теңгеге жетті. Осы соманың бар болғаны 1,4 млрд. теңгесін ғана шетелдік инвестиция құрайды, яғни 0,2%. Бізде Инвесторларға қызмет көрсету орталығы, Арнайы экономикалық аймақ құрылды, алайда шетелдік инвестиция тарту саласындағы нәтиже жеткіліксіз. Өзге елдерде біздің қалаға деген зор қызығушылық бар, көпшілігінің қаражат салғылары келеді, бірақ көптеген кедергілерге тап болып жатады. Қалада барлық қызмет түрлерін электрондық форматқа көшіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету үшін шетелдік инвесторларға да қолданылуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы аса маңызды экономикалық актив болып саналатын елорданың жерін пайдалану тиімділігін арттыру қажеттігін атап көрсетті. 

   – Бас прокуратураның мәліметі бойынша, қалада жалпы көлемі 15 мың гектардан асатын 800 учаске игерілмей жатыр. Соларды қайтарып алуды жалғастырып, құрылыс салуға дайын инвесторларға беру керек. Бас прокуратура игерілмеген учаскелер жөнінде барлық құжаттарды қарап, қайтарып алу туралы ескерту берілгеннен кейін игерілмеген учаскелерді сатуға және сыйлауға тыйым салу үшін заңнамаға қажетінше өзгерістер енгізгені жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Астананы дамытуға арналған қаражатты пайдаланудың тиімділігіне де назар аударды. 

– Былтыр қала бюджетінен әкімдікке бағыныстағы ведомстволардың өзіне ғана 85 миллиард теңге бөлінді. Бұл – елорда бюджетінің төрттен бірі. Сөйте тұра, аталған ұйымдардың 32-сі шығынға батып, 8-і банкрот жағдайында тұр. Мен бұл проблеманы жыл сайын айтамын, бірақ шығыстар оңтайландырылмайды, кәсіпорындар қысқармайды, бәріне осы ахуал қолайлы болып отыр. Бұл мәселені шешумен айналысқан жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев қала аудандарының арасында соңғы жылдары сәулет-қала құрылысы мен инфрақұрылым үйлесімсіздігі белең алғанын айтты.

– Мысалға, солтүстік-батыс бөліктегі әлеуметтік нысандар инфрақұрылымының жағдайы орталықтағыдан айтарлықтай өзгеше. Іс жүзінде әртүрлі әлеуметтік кейіптегі орамдар қалыптасуда. Шет аумақтар мүшкіл жағдайда қалмауы қажет. Бәріне бірдей көзқарас керек, олар да қаланың құрамында бірге дамуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы келеңсіз көріністерге, қала базарларындағы антисанитарлық ахуал мен салық төлемеу деректеріне жол берілмеуі тиістігін де атай отырып, олардың барлық талапты сақтауын тапсырды.

Қазақстан Президенті 3-ЖЭС құрылысын қадағалау, қаланы сумен жабдықтау және оның су басудан қорғалуын қамтамасыз етумен қоса, жылумен қамтамасыз етудегі түйткілді мәселелерді шешу қажеттігіне назар аударды.

Қалада үш жылда 330 шақырым жол жөнделген. Бірақ Мемлекет басшысы жол құрылысының сапасы төмендігіне және оны түбегейлі жақсарту қажеттігіне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев елордада Қазақстан бойынша қылмыстың ең жоғары деңгейі тіркелгенін айтты. Былтыр қылмыс саны 53%-ға, соның ішінде ауыр қылмыс екі есе көбейіп, олардың ашылу мөлшері 36% болған. Бақылау бекеттері үшін қала 2 млрд теңге шығындады, бірақ олардың көмегімен қылмыстың ашылуы небәрі 1% болып отыр. Осыған байланысты Қазақстан Президенті Астананы тұрғындар үшін қауіпсіз қалаға айналдыру міндетін қойды.  

Мемлекет басшысы қаладағы мәдениет саласы нысандарының пайдаланылуы жайына назар аударды.  

– Бұл нысандарда елордалық мәнер қалыптасады, халық әдемілікке, музыкаға, өнерге етене жақындай түседі. Бюджет қаражаты есебінен салынған әлеуметтік нысандар содан кейін де оған тәуелді болып қалуда. Алайда олар пайдаланылуға және ең болмағанда өзін қамтамасыз етуге жеткілікті табыс табуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Астананың және жалпы еліміздің алдында тұрған басты міндеттің бірі 120 ел мен көптеген халықаралық ұйымдардың қатысуы көзделіп отырған «ЭКСПО-2017» көрмесін абыроймен өткізу екенін айтты. Ол Астананың және алдағы 2017 жылы өтетін дүниежүзілік көрменің танымалдығын арттыру қажеттігіне тоқталды.

Соңында Мемлекет басшысы Астананың алдында ірі қалалармен бәсекеге түсу мақсаты тұрғанын атап өтті.   

– Әлемде қалалар түрліше бағаланады, тұрмыс сапасы, өмір сүруге қажетті жағдай және жайлылық, бәсекеге қабілеттілік индексі сияқты  сан түрлі рейтингтер бар. Біз сондай рейтингтік өлшемдерді жақсартуға ұмтылуға тиіспіз. Халық өз қаласын жақсы көруі және ондағы салынғанның барлығын аялап-сақтауы тиіс. Еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында Қазақстанның ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсаты жария етілген. Сондықтан Астананың алдына өршіл міндет – 2050 жылға қарай әлемнің табысты 10 қаласы қатарына ену міндеті қойылады, – деді Қазақстан Президенті.

Кеңес барысында көтерілген барлық мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар, соның ішінде қаланың өкілетті қызметтері  басшыларының тарапынан тиісті түсініктемелер берілді.

Сонымен қатар кеңес барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық даму туралы Астана әкімі И.Тасмағамбетов баяндама жасады. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Т.Ермегияев халықаралық көрмені өткізуге дайындық барысы туралы айтты.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің