National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесу өткізді

2013 жылғы 17 қаңтар

Кездесу барысында Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ Халықаралық көрмелер бюросының талаптарына сәйкес әзірленген тиісті іс-шараларды тексеру мәселелері талқыланды.

Әңгімені бастай отырып, Мемлекет басшысы осыншалық жауапты іс-шараны ұйымдастыру кезінде өзара іс-қимылдың маңызды екенін атап өтті.

- Сіз бұған дейін бірқатар мемлекеттік органдардың басшыларымен, атап айтқанда, көрмені өткізу мәселелеріне жауапты вице-премьермен, премьер-министрмен, қала әкімімен кездестіңіз. Сізге бұл жоба бойынша атқарылған жұмыс туралы жан-жақты айтып берген болар. Мен Сіздің бізді алғашқы күннен қолдағаныңызды білемін, бұған өте ризамын. Енді біздің алдымызда үлкен істер тұр. Осыған байланысты бізге Сіздің қолдауыңыз бен Халықаралық бюроның көмегі қажет. Біз биыл барлық ұйымдастыру мәселесін аяқтауға тиіспіз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы «Болашақтың энергиясы» деген тақырыппен алдағы уақытта өтетін көрмеге бүгінде дайындық жұмыстары жүріп жатқанын айтып өтті.

- Көрмені өткізу үшін біз қала инфрақұрылымына және сервистік қызмет көрсетуге жақын аумақты анықтадық. Арнайы компания құрдық, мен оның басшысын тағайындап та қойдым. Енді біз бірлесіп қандай жұмыстар атқарамыз деген сауалға қатысты, біздің осы жұмысымызды табысты өткізу үшін маңызды болып табылатын Сіздің кеңесіңіз бен пікіріңізді тыңдағым келеді. Біз осы көрмені өткізудің арқасында тек Қазақстан ғана емес, мұндай іс-шара алғаш рет өтетін бүкіл біздің өңіріміз ұтады деп ойлаймын. Мен осы мәселе бойынша барлық жұмысты тікелей қадағалайтын боламын, - деді Қазақстан Президенті.

В.Лоссерталес Нұрсұлтан Назарбаевқа ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқығына дауыс беруде Қазақстан қол жеткізген жеңістен кейінгі алғашқы кездесу үшін алғысын айтты.

- Мен Сіздің осы көрмені өткізу туралы идеяны түсіндірген кезіңіздегі алғашқы кездесуді қанағаттанарлық сезіммен есіме аламын. Сіз шын мәнінде үлкен жеңіске қол жеткізгеніңізді де бүгін қанағаттанарлықпен атап өткім келеді. Бұл барша Қазақстан халқының бірлігінің дәлелі, стратегиялық пайымдауының белгісі. Біздің ұйымға мүше елдердің көпшілігі бірден сіздердің кандидатураларыңызды қолдағаны туралы факті, қазақстандық өтініштің шындап дайындалғанын айғақтайды. Сондай-ақ көрменің тақырыбы да барлық қатысушылардың мақсатына толық жауап беретінін атап өту керек. Біз осы саладағы бірлескен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайынбыз. Сіздердің елдеріңіздің мұндай мақсаткерлігі мен белсенділігі оған миллиондаған адамдардың қатысуына ықпал етіп, бүкіләлемдік көрменің табысты өтуін қамтамасыз етеді деп есептеймін, - деді В.Лоссерталес.

Сонымен қатар, кездесуде алда атқарылатын жұмыстар аясындағы келешек қадамдар, ең алдымен, ұйымдастыру комитеті мен мемлекеттік корпорация құру, сондай-ақ биыл жүзеге асатын көрменің өзін тіркеу жайы талқыланды. Бұдан бөлек, ЭКСПО көрмесін өткізудің негізгі қағидаттарының бірінен саналатын павильондарды келешекте пайдалану мәселесі қаралды.

Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы 2014 жылдан бастап Қазақстан қажетті инфрақұрылымдарды салуға дайындықты бастау үшін шетелдік қатысушыларды шақыру мүмкіндігіне ие болатынын атап өтті.

- Біз көрме жоғары технологиялық және инновациялық ретінде қабылдануы үшін әртүрлі қазақстандық және шетелдік инновациялық компанияларды шақыратын боламыз. Бұл тек Астананы ғана емес, жалпы алғанда, бүкіл Қазақстанды кеңінен танытады, - деді В.Лоссерталес.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің