Жаңалықтар

8 сәуір 2016
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығын мерекелеуге дайындық мәселелеріне арналған кеңес өтті

 

Кеңеске Президент Әкімшілігінің, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің, Білім және ғылым министрлігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің, Инвестиция және даму министрлігінің, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі басшылығының өкілдері қатысты.

Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының «Ардагерлер – біздің қазынамыз» деген сөзіне ерекше назар аударды. Бүгінгі күні елімізде Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен соғыс мүгедектерін қосқанда 3668 адам және соғысқа қатысушыларға теңестірілген әлеуметтік кепілдігі бар 22 867 адам тұрып жатыр.

Мемлекеттік хатшы фашизмді жеңуге зор үлес қосып, тарихи миссияны орындаған Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, жалпы қазақстандықтарға құрмет көрсету мемлекеттік ауқымдағы мақсат екенін атап өтті.

Соғысқа қатысушылар мен оларға теңестірілген адамдарға жан-жақты әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсетуді қамтамасыз ету ісі  қазіргі кезде барлық орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың назарында. Жергілікті бюджеттерде 2016 жылы Жеңістің 71 жылдығына орай ардагерлерге бір реттік материалдық көмек көрсету үшін 2,6 миллиард теңге қарастырылған. «Қазақстан Республикасының Ардагерлер ұйымы» Орталық Кеңесінің бастамасымен ардагерлер қозғалысын жандандыруға және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда.

Соңында Г.Әбдіқалықова барлық іс-шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтіп, елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, қоғамды Мемлекет басшысының саясаты төңірегіне топтастыруға, жас ұрпақтың патриоттық сезімін арттыруға бағытталуы керектігін атап өтті.

Мемлекеттік хатшы отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар